ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен USAID АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен USAID АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттігі арасында Денсаулық саласындағы 2009-2013 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды,

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен USAID АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттігі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
деп хабарлайды ҚазАқпарат. ҚР Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев пен USAID-тің Орталық Азиядағы өңірлік миссиясының директоры Уильям Фрей қол қойған құжатта USAID-тің Қазақстанның денсаулықты сақтау секторына көрсететін көмектерінің басымдықтары белгіленген. Ж.Досқалиевтің атап көрсеткеніндей, Қазақстан денсаулықты сақтау бағытында USAID-пен 1993 жылдан бері ынтымақтасып келеді. «USAID мемлекетке қиын осы жылдары вакциналар мен тоңазытқыш жабдықтарды ұсынды. Олардың көмегімен мамандарды даярлайтын резидентураны аштық. Сондай-ақ, ынтымақтастықтың тағы бір маңызды тұсы, ол ? ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында көрсетілетін медициналық көмектерді жетілдіру», - деді ол. Өз кезегінде У.Фрей, соңғы 16 жылда Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің жақсаруына, демократиялық институттардың нығаюына, экономикалық реформаларды қолдау мен олардың өрістеуіне негізделген бағдарламаларды қаржыландыруға 500 миллионнан астам АҚШ доллары бөлінгенін жеткізді. «Үстіміздегі жылы USAID Қазақстан мен Орталық Азияның денсаулық сақтау саласындағы бағдарламалардың жаңа бес жылдық циклін бастайды. Олар инфекциялық аурулардың алдын алуға, жұқпаларды медициналық мекемелерде қадағалауға, туберкулездің мультирезистенттік формасымен күресуге, АҚТҚ мен ЖҚТБ-ның таралуын болдырмауға бағытталып отыр», - деді У.Фрей. Салтанатты жиынға қатысқан АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Ричард Хоугланд USAID АҚШ Үкіметінің даму және гуманитарлық көмек салаларына жәрдемдесетін көшбасшы агенттігі болып табылатынын және бұл ұйым мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы ынтымақтастықтың жемісті жалғасуы Қазақстан мен Құрама Штаттарының арасындағы стратегиялық әріптестіктің беки түсуінің тағы бір мысалы екенін атап көрсетті.