ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ОҚО-да балада полиомиелиттің әкелінген жағдайының тіркелгені жөнінде хабарлайды
АСТАНА. Қазанның 11-і. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын балада (2003 жылғы маусымның 12-сінде туылған) полиомиелиттің әкелінген жағдайының тіркелгені жөнінде мәлімдеді,
деп хабарлайды аталмыш ведомствоның баспасөз қызметі.
"ТМД елдеріндегі эпидемиологиялық жағдайды және Оңтүстік Қазақстан облысында полиомиелиттің әкелінген жағдайының тіркелуін ескере отырып, қазіргі уақытта Министрлік республикада полиомиелиттің таралуының алдын алу мақсатында қосымша іс-шараларды іске асыруда. ДДҰ-ның ұсынымдары бойынша ағымдағы жылғы қазанның 12-сінен бастап 14-іне дейінгі кезеңде Оңтүстік Қазақстан облысының Өзбекстанмен шекаралас аудандарында 6 жастан 15 жасқа дейінгі балаларға полиомиелитке қарсы вакцинациялау жүргізу жоспарлануда. Бұдан басқа Министрлік БҰҰ-ның Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) және ДДҰ-мен республиканың шекара бойындағы өңірлерінде - Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында туылғанынан бастап 15 жасқа дейінгі балаларды иммундау үшін полиомиелит вакцинасының қосымша көлемін бөлу туралы келісімге қол жеткізді. Иммундауды ағымдағы жылғы қарашаның бірінші онкүндігінде өткізу жоспарлануда. Иммундау науқаны барысында туылғанынан бастап 15 жасқа дейінгі 2 миллион баланы полиомиелитке қарсы егу жоспарлануда", делінген бүгінгі таратылған хабарламада. .
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Оңтүстік Қазақстан облысында 2010 жылғы қазанның 8-інен бастап Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің басшылығымен, құрамында эпидемиолог, инфекционист және невропатолог бар Министрліктің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің бригадасы жұмыс жасауда.
Осы ведомство ұсынған мәліметтеріне сүйнесек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) ақпараты бойынша, қазіргі уақытта Тәжікстанда - 458, Ресей Федерациясында 12 оқиға тіркелді. "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап республикада полиомиелиттің таралуын болдырмау бойынша жүйелі шаралар қабылдағанын айта кеткен жөн: полиомиелиттің пайда болуы (әкелінуі) мен таралуының алдын алу бойынша Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау органдары мен ұйымдарының қызметін үйлестіру жөніндегі штаб құрылды және жұмыс жасауда. Қазақстан Республикасының аумағына полиомиелиттің әкелінуінің, пайда болуының және таралуының алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды күшейту жөнінде іс-шаралар жоспары іске асырылуда. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілді. Республикадағы жіті енжар параличке эпидемиялық қадағалау жүйесі жолға қойылды, вирустық инфекцияларды бақылау жөніндегі ұлттық референс-зертхана полиомиелитке зерттеулер жүргізуге дайын. Халықпен полиомиелит мәселелері бойынша санитариялық-түсіндіру жұмыстары жанданды. 2010 жылғы қыркүйектің 6-сынан бастап 10-ына дейін 6 жасқа дейінгі балаларды қосымша бір реттік жаппай иммундау өткізілді.Денсаулық сақтау министрлігі республикада полиомелиттің таралуын болдырмау жөніндегі шараларды қабылдағаны нәтижесінде байланыста болған балалар арасында полиомелиттің алдын алуға мүмкіндік болды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы полиомиелитті қадағалау бойынша елде жүргізіліп жатқан іс-шараларды жоғары бағалады", делінген баспасөз хабарламасында.