ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қазақстанның Бас раввині мен Астана қаласының жаңа раввинімен кездесті
АСТАНА. 31 тамыз. ҚазАқпарат - ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф Қазақстандағы иудейлік діннің жетекшісі - Бас раввин Ешая Коген мен Астана қаласының жаңа раввині Шмуэл Карнаухты қабылдады, деп хабарлады оның ведомствосының баспасөз қызметі.
Кездесу барысында тараптар мемлекеттік-конфессиялық қатынастарды одан әрі дамыту жолдары туралы пікір алмасты. Агенттіктің төрағасы Израильдің Бас ашкенази раввині Йон Мецгердің Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің үш мәрте Астанада табысты өткен съездеріне белсене ат салысқаны үшін ризашылығын білдіре отырып, сұхбаттасулармен 2012 жылдың мамыр айында Астана қаласында өткізілуге жоспарланған төртінші дінаралық форумды ұйымдастыру мәселелерін талқылады.
Иудейлік дін - еврей халқының діні екені және осы халықтың дүниетанымы мен тұрмыс қалпына айналғаны белгілі. «Иудей» сөзі еврей халқының он екі ұрпағынан тараған Яковтың ұлы Иегуда сөзінен шыққан. Иудейлік діннің негізінде этикалық, салттық және тұрмыстық тәртіптері орнатылған қатал монотеизм орын алған.
Қазақстан аумағында иудейлік діннің таралуы XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында патшалық Ресейдің Еуропалық бөлігінен қолөнерші-еврейлердің қоныс аударуымен байланысты болған. Сондай-ақ қазақ жеріне еврейлердің жаппай келуі өткен ғасырдың 30-40-шы жылдары байқалған. Сол кезде еврейлер сталиндік қуғын-сүргінге ұшырағандықтан, амалсыз Қазақстанға қоныс аудара бастаған.
Қазіргі уақытта Қазақстанда иудейлік дінді насихаттайтын 25 діни бірлестік тіркелген. Синагогалар Астанада, Алматыда, Ақтөбеде, Петропавл мен Павлодарда және басқа да еліміздің ірі қалаларында өз жұмысын атқаруда. Көпұлтты елімізде жыл сайын ежелгі еврей халқының мерекелері кеңінен тойланады, «Шалом» газеті басып шығарылады. Қазақстан жерінде мұсылмандар, христиандар мен еврейлердің ұзақ жылдар бойы тату-тәтті өмір сүруі Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев негізін қалаған конфессияаралық келісімнің оң үлгісі болып табылады, деп атап өтті баспасөз қызметі.