ҚР ДСӘДМ күйдіргімен сырқаттану күдігі бар адамдарды емдеу үшін барлық шараларды қолдануда

ҚР ҰЭМ Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің мәліметінше, ағымдағы жылғы 7 маусымда 5 адам (бір отбасының мүшелері) Қарағанды облысы Шет ауданы Еркіндік ауылында мал дәрігерінің куәландыруынсыз сырқаттанған сиырды мал иесінің үйінде сойып тастайды. Сол күні олар малдың етін ауылдың 11 тұрғынына таратады. Ауруды жұқтырған мал етін қолдану нәтижесінде 11-14 маусым аралығында 8 адам сырқаттанды. Оның 7-еуі Еркіндік ауылынан, біреуі Қарағанды қаласының тұрғыны (қаладан туыстарына қонаққа келген).
Барлық сырқаттанған адамдар 18-19 маусым аралығында медициналық көмекке жүгініп, 20 маусымда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Барлық пациенттерге «Күйдіргі» алдын ала диагнозы қойылды. Ауруханаға жатқызылған пациенттерден безгек қабыршығы мен жарадан, серологиялық зерттеу (22 сынама) үшін қаннан материалдар алынып, олар Ұлттық сараптама орталығының аса қауіпті індеттер зертханасы филиалына жіберілді.
20 маусымда сағат 20:05 уақытында 25.09.1982 ж. туған пациент қайтыс болды. 21 маусымда 07:05-те 07.09.1966 туған пациент қайтыс болды.
Ауру ошағындағы өткізілетін шараларды үйлестіру мақсатында Қарағанды облысы әкімі орынбасарының басшылығымен штаб ұйымдастырылды. Еркіндік бөлімінде ауру белгілері бар адамдарды анықтау, санитарлық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу және аурулармен қарым-қатынаста болған адамдарды медициналық бақылау мақсатында аулаларды аралау басталды. Консультативтік көмек көрсету мақсатында ауылға облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының эпидемиолог дәрігері мен инфекционист дәрігер жіберілді. Аурулармен қарым-қатынаста болған адамдарды (эпидемиялық көрсеткіштер бойынша) вакциналау жоспарланып отыр.
Сонымен бірге, Шет ауданына құрамында Қарағанды облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті аса қатерлі және карантиндік инфекциялар эпидемиологиялық бақылау бөлімінің маманы, Қарағанды облыстық мал дәрігерлік басқармасының жетекшісі, аймақтық мал дәрігерлік инспекциясының маманы, мал дәрігерлік стансасының директоры, ауылдық округ әкімдігінің өкілі, инфекционист дәрігер бар арнайы топ барды.
Ұйымдастырушылық-әдістемелік және практикалық көмек көрсету мақсатында Қарағанды облысына М. Айкимбаев атындағы Қазақ карантиндік және зооноздық инфекциялар ұлттық орталығы және Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама мен бақылау ғылыми-практикалық орталығының мамандары жіберілді.