ҚР ДСӘДМ: Мерекелерге орай мемлекеттік қызметкерлерге сыйақы беру - құптарлық іс
АСТАНА. ҚазАқпарат - Егер де мемлекеттік органдарда қаражаты болса, онда мерекелерге орай мемлекеттік қызметкерлерге қаржылай сыйақы беру құпталады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті.
«Заңнамада қандай жағдайларда сыйақылар берудің нақты негіздемелері қарастырылған. Президент Нұрсұлтан Назарбаев қаржыны үнемдеуге шақырған кезде, бұл мәселе әкімшілік және басқа шығыстарға қатысты болып отыр. Осы шығыстар бұған қатысты емес. Бұл жағдайда айына 60 мың теңге жалақы алып жүрген қатардағы жұмысшыға Тәуелсіздік күніне немесе Жаңа жылға сыйақы берілсе, яғни кәсіпорында немесе мемлекеттік органда бұл тұрғыда қаражат табылып жатса, осындай қадамдарды тек қолдаймыз. Сондықтан да бұл қадам бүгінде Президент айтып жүрген бастамаға қайшы келіп отырған жоқ деп ойлаймын. Қазіргі кезде барша шаралар жұмыс орындарын сақтауға, жұмысшылар жалақысын уақытылы алуына бағытталған»,-деді вице-министр.
Осы орайда ол мемлекеттік органдар мен мемлекеттік кәсіпорындар бюджеттерінде осы мақсатқа қаражат болғанда немесе қаржыны үнемдеген жағдайда ғана сыйақыны бере алатынын нақтылап өтті.