ҚР ДСӘДМ өңірлердегі медициналық мекемелердің қызылшаға қарсы вакциналауға дайындығын тексеруде

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Алексей Цой Ақмола, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарына барған жұмыс сапарында Қазақстан Республикасындағы қызылшаға қарсы қосымша иммундау науқанын өткізуге арналған әлеуметтік жұмылдыру мен ақпараттық жұмыстар жоспарын жүзеге асыру шараларын, сонымен қатар, медициналық ұйымдардың вакциналауды өткізуге дайындығын тексерді, деп хабарлады ҚР Премьер-Министрінің сайты министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР ДСӘДМ өңірлердегі медициналық мекемелердің қызылшаға қарсы вакциналауға дайындығын тексеруде

«Жоспарды жүзеге асыру шаралары аясында Ақмола, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарының медициналық ұйымдарында жұртшылыққа қызылшаға қарсы вакциналау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қосымша иммундауға жататын мақсатты топтардың (15-19 жас аралығындағы жасөспірімдер) және вакциналауға медициналық қарсы көрсетілімі бар адамдардың құрамы анықталуда. Егу бригадалары жасақталып, медициналық қызметкерлерді дайындау бойынша тренингтер өткізілуде, сонымен қатар, медициналық ұйымдардың вакцинаны сақтау мен тасымалдау шарттарын қадағалау шаралары, ғимараттардың вакциналауды өткізуге дайындығы тексерілуде», - делінген ведомство мәлімдемесінде.

Республиканың барлық аймақтарында дәл осындай жұмыстар жүргізіліп келеді. Облыс әкімдері орынбасарларының басшылығымен өтетін қызылшаға қарсы қосымша иммундау шараларын үйлестіру мақсатында штабтар құрылды. Сондай-ақ, ДСӘДМ мәліметінше, ағымдағы жылдың 7 қыркүйегінен бастап Астанада медициналық қызметкерлерді, медициналық ЖОО-ның профессорлық-оқытушылық құрамын, Астана, Алматы қалалары мен облыстық денсаулық сақтау басқармаларының жауапты мамандарын қызылшаға қарсы қосымша иммундауды жүргізуге дайындау бойынша семинарлар өткізілуде. Оқу аяқталған соң жоғарыда аталған мамандар аймақтарда тренингтер өткізетін болады. Әрбір егілуші адам алдағы егу туралы хабардар болады. Ол немесе оның ата-анасы (заңды өкілі) дәрігерге шақыртылып, оған профилактикалық мақсаттағы егу туралы толық әрі шынайы ақпарат беріледі. Сонымен қатар, иммундаудан кейін туындайтын ықтимал жағымсыз жағдайлар мен реакциялар, вакциналаудан бас тартудың салдары туралы ақпарат жеткізіледі. Ведомствода мәлім еткендей, профилактикалық егу жұмыстары тек бекітілген форма бойынша ақпараттандырылған ерікті келісім негізінде ғана жүргізіледі. Қызылшаға қарсы сертификатталған вакцинаның қолдану қауіпсіздігі Дүниежүзілік денсаулық ұйымымен бекітілген. Естеріңізге сала кетейік, халықты қызылшаға қарсы қосымша иммундау жұмысы 2015 жылдың 1 қазанында жаңғыртылады.