ҚР-дың Жапониядағы Елшiлiгiнің бастамасымен Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күніне орай «Семей - Хиросима» телекөпірі өткізілді

АСТАНА. 27 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР-дың Жапониядағы Елшiлiгiнің бастамасымен 29 тамыз - Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күні мен Семей ядролық полигонының жабылғанына 20 жыл толуына орай «Семей - Хиросима» телекөпірі өткізілді.

ҚР-дың Жапониядағы Елшiлiгiнің бастамасымен Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күніне орай «Семей - Хиросима» телекөпірі өткізілді

Аталмыш шара Семей мемлекеттік медицина университеті мен «Хиросима-Семей Проджэкт» атты үкіметтік емес ұйымының қолдауымен жүзеге асырылды, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Шарада екі елдің білікті ғалымдары, ядролық және радиациялық қауiпсiздiк саласындағы сарапшылары және үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Телекөпiрге қатысушылар 1991 жылы 29 тамызда Семей полигонын жабуға қатысты ҚР Президенті Н.Назарбаевтың тарихи шешiмiнiң маңыздылығын атап, ядролық қарудан өз еркiмен бас тартқан Қазақстанның ғаламдық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге қосып отырған үлесінің ерекше екенін айтты.

Шараға қатысушылардың пiкiрiнше, ядролық қарудан зардап шеккен Қазақстан мен Жапония ядролық қарусыз әлем қалыптастыруға бағытталған шараларда жетекшілік етуге толық тарихи және моралдық құқыққа ие.

Телекөпір барысында қатысушылар назарына Хиросима қалалық хорының орындауында жапон тiлiне аударылған «Заман-ай» әнiнің бейнежазбасы ұсынылды.

Сонымен қатар шара шеңберінде «Хиросима Мачизукури Плаза» мультимедиалық орталығында Семей полигонындағы ядролық сынақтардың зардаптары мен Қазақстанның ғаламдық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге қосып келе жатқан үлкен үлесiне арналған арнайы фотокөрме ұйымдастырылды.

Сондай-ақ 29 тамыз - 5 қыркүйек аралығында ҚР Елшілігі мен ҚР-дың Кансай аймағындағы Құрметтi консулдығының бастамасымен Осака қаласында Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күніне арналған арнайы фотокөрме ұйымдастырылып отыр.