18:10, 02 Наурыз 2009 | GMT +5
ҚР Дзюдо федерациясының президенті ауысты
АЛМАТЫ. Наурыздың 2-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бекет Махмұтов ҚР Дзюдо федерациясының президенті болып сайланды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Спорт комитетінің Штаттық және ұлттық командалар дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Бұл қызметті бұған дейін ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Мәжит Есенбаев атқарып келген болатын. Енді федерацияның жаңа президенті болып Бекет Махмұтов сайланып отыр. Бекет Сапабекұлы 1939 жылы қаңтардың 30-ында Алматы облысы Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында дүниеге келген болатын. 1993-1999 жылдары ҚР Бокс федерациясын басқарған ол 1998 жылдан бастап Халықаралық әуесқой бокс федерациясының вице-президенті және Азия құрлықтық бюросының төрағасы болды. Сіңірген еңбегі үшін 1999 жылы «Құрмет» орденімен марапатталып, 2000 жылы «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» атағын иеленді. Ал 2001 жылы Денешынықтыру және спорт академиясының құрметті профессоры атанды. ҚР Дзюдо федерациясы енді Бекет Махмұтовтың жетекшілігімен наурыздың 25-інде Астанада алғашқы отырысын өткізеді деп жоспарланып отыр.