ҚР ЭБЖМ-нің болжамынша, бірінші жартыжылдықта ел экономикасы 5 пайыздық өсім көрсетуі тиіс

АСТАНА. 23 сәуір. ҚазАқпарат - Бірінші жартыжылдықта Қазақстан экономикасының өсімі 5 пайызды құрауы тиіс.

ҚР ЭБЖМ-нің болжамынша, бірінші жартыжылдықта ел экономикасы 5 пайыздық өсім көрсетуі тиіс

Бұл туралы бүгін 2013 жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған ҚР Үкіметінің отырысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев мәлім етті.

Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім өсімінің қарқындау үрдісі байқалғанын атап өткен ол: «Оны сақтап қалған жағдайда экономиканың өсуі бірінші жартыжылдықта 5 пайызды құрауы тиіс», - деді.

Сонымен қатар министрдің сөзіне қарағанда, өткен жылғы құлдыраудың аясында маусымдық факторларды, оның ішінде ауыл шаруашылығын есепке алғанда екінші жартыжылдықта ЖІӨ-нің өсімі 6,8 пайыз болатындығы күтілуде. «Бұл ЖІӨ өсуін жалпы жыл бойы жоспарланған 6 пайыздық деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Е.Досаев.