ҚР ЭДСМ табиғи монополиялар қызметіне тарифтер қалыптастыру тетіктерін жетілдіруі қажет - Қ.Келімбетов
АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Экономикалық даму және сауда министрлігі табиғи монополиялар қызметіне тарифтерді қалыптастыру тетіктерін жетілдіруі қажет.
Бұл туралы бүгін аталған министрліктің 2011 жылдағы негізгі нәтижелері мен 2012 жылғы міндеттеріне арналған алқа мәжілісінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қайрат Келімбетов айтты.
Аталған қызметтің өткен жылдан бері Экономикалық даму және сауда министрлігіне бекітілгенін баса айтқан ол: «Менің көзқарасымша, бұл жерде «Самұрық-Қазына» қорымен тығыз өзара әрекеттестік болуы қажет. Өйткені оларда осы мәселеге қатысты сәйкес ұсыныстар бар», - деді.
Сонымен қатар Қ.Келімбетов табиғи монополиялар қызметіндегі тарифтерді жақсарту бойынша бірлескен консультациялар өткізу жөнінде ел Үкіметі мен Еуропалық даму және қайта құру банкі уағдаласқандығын баса айтты.