14:19, 02 Наурыз 2009 | GMT +5
ҚР Экономика министрі Швейцария Конфедерациясының Қазақстандағы Елшісімен кездесті
АСТАНА. Наурыздың 2-сі. ҚазАқпарат - Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов Швейцария Конфедерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Стефан Нелленмен кездесті.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастыққа қатысты бірқатар мәселелер талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Министрлік басшысы миссия өкілдеріне Қазақстандағы ағымдағы макроэкономикалық және қаржылық жағдай туралы әңгімелеп берді, оларды Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасымен таныстырды. «Дер кезінде қабылданып отырған дағдарысқа қарсы шаралардың арқасында әлемдік экономикалық дағдарыстың Қазақстан экономикасына теріс әсерін жұмсарту мүмкін болып отыр», -деді Б.Сұлтанов. Министр Б.Сұлтанов елші С.Нелленді Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын және қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі агенттіктің Экономика және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі 2009-2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимылдар жоспарының бес бағытымен таныстырды.