ҚР экономикасы әртараптандыру және индустриялық даму жолына түсті - Үкіметте жыл қорытындысы қаралды
АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтіп, онда әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындысы мен ҚР мемлекеттік бюджетінің 2011 жылдың 11 айындағы орындалу қорытындысы қаралды.
Бұл туралы Премьердің Facebook-тегі парақшасында хабарланған.
Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетовтің ақпараты бойынша, 11 ай ішінде ЖІӨ 7,5 пайызға өсіп, қысқа мерзімдік экономикалық индикатор 7,3 пайызды құрады.
«Ағымдағы жылдың басынан бергі еліміздің экономикалық даму қорытындысын сараптай отыра, Мемлекет басшысының Үкімет алдына қойған мақсаттары мен міндеттерінің жүзеге асырылуы экономиканы үдемелі дамуымен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді деп айтуға болады», - деп мәлім етті Қ.Келімбетов.
«Ағымдағы жылы ЖІӨ өңдеуші өнеркәсіп пен қызмет көрсету саласының қарқынды даму есебінен артқандығы экономиканың тұрақтылығы мен әртараптандыру және индустриялық даму жолына шыққандығын білдіреді. Тұтынушылық сұраныстың өсуі - экономиканың артуындағы маңызды факторға айналды, оған бөлшек сауда айналымының жыл басынан бері 12,5 пайызға артқаны дәлел бола алады. Сонымен қатар, еліміздің барлық өңірінде жеке сауда айналым көлемі артқандығы байқалады. Жыл басынан бері экономикалық белсенділік Индустрияландыру картасының аясындағы жобалардың жүзеге асырылу есебінен қамтылғаны байқалған», - деп атап өтті Қ.Келімбетов.
Тек қана сандар:
Индустрияландыру картасына жалпы құны 9,7 трлн. теңге болатын 609 жоба енгізілген, жобалар жүзеге асырылған кезде 205 мың жұмыс орнын, ал жобалар пайдалануға берілген соң 180 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған (Республикалық карта 142 жоба, аймақтық Карта 469 жоба). 2011 жылы жалпы құны 1 трлн. теңге болатын 237 жоба іске қосылып, 20 мыңнан астам жұмыс орны ашылды;
-«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жалпы құны 251,4 млрд. теңгені құрайтын 820 жоба субсидия алуға мақұлданды;
- өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, сыртқы сауда айналымы 39,7 пайызға артып, 101,1 млрд. АҚШ долларын құрады;
-тауарлардың экспорт көлемі 48,5 пайызға (71,7 млрд. доллар) артты. Импорт 22,4 пайызға (29,4 млрд. доллар) артты. Сауда балансының оң қалдығы 42,3 млрд. долларды құрады, бұл 2010 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 есеге көп;
-ағымдағы жылдың 10 айында Кеден одағы елдерімен өзара сауда айналым 43,3 пайызға (19,6 млрд. доллар) артты, оның ішінде экспорт 51,4 пайызға (6,2 млрд. доллар), импорт 39,8 пайызға (13,4 млрд. доллар) көбейген.
- шетелдік валютадағы (43,3 млрд. АҚШ доллары) Ұлттық қор активтерін қоса алғанда еліміздің халықаралық резерві 27,3 пайызға артып, 75,4 млрд. АҚШ долларын құрады;
-Standard&Poor's и Fitch агенттігі Қазақстанның тәуелсіз рейтингісін «ВВВ+» және сәйкесінше «ВВВ» деңгейне дейін жақсартты.
Қосымша ақпаратпен www.pm.kz сайтынан таныс бола аласыздар.