ҚР Елшісі Беларус Республикасының Президенті жанындағы Басқару академиясының ректорымен кездесті
МИНСК. Маусымның 5-і. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының Беларус Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Анатолий Смирнов кеше БР Президенті жанындағы Басқару академиясының ректоры Анатолий Морозевичпен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР БР елшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Сұхбат барысында Академияның басшысы оқу орнында оқытылатын пәндердің мақсаттары мен міндеттері, құрылымдары және Беларус мемлекеттік органдарында жұмыс істеу үшін білікті кадрларды даярлау және қайта даярлау бойынша жүргізіліп отырған жұмыстар туралы Елшіні хабардар етті.Білім беру саласындағы екіжақты қатынастардың белсенділігін арттыру қажеттілігі жөнінде айта отырып, беларустық тарап Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен өзара іс-қимылды нығайтуға мүдделілігін білдірді. А.Смирнов пен А.Морозевич «Қазіргі Қазақстан» фотокөрмесін ашты.Осы оқу орнында болу кезінде А.Смирнов студенттер, тыңдаушылар және профессорлар-оқытушылар құрамы алдында лекция оқыды. Елші қатысушыларды елдегі ағымдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайлар, Қазақстанның сыртқы саяси бастамалары, жоғары білім беру жүйесінің дамуы, Қазақстан-Беларус қатынастарының қазіргі жай-күйі жөнінде хабардар етті. Елші Қазақстан Республикасы Президентінің «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» атты Жолдауына барынша толығырақ тоқталды. Ол осы құжаттағы әлеуметтік төлемдерді және бюджет қызметкерлерінің жалақысын ұлғайту жөніндегі мемлекеттің барлық міндеттемелері толық көлемінде сақталуына кепілдік беретінін айрықша атады. Қазақстанның экономиканы әртараптандыруға бағыт алғанын тілге тиек ете отырып, А.Смирнов ағымдағы жылғы мамырдың 15-індегі «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XII съезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөзіндегі Қазақстан экономикасының дағдарыстан кейінгі даму жоспарының қағидаттарына тоқталды. Бұл қағидаттар елді индустрияландыруға негізделген және «Қазақстан-2030» стратегиясы аясында 2010 жылдың қаңтарынан бастап индустриялық-инновациялық дамудың бесжылдығы басталатын болады.