ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жаңа басшысы тағайындалды
АСТАНА. 26 қыркүйек. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Серік Әбденов ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі твиттерде хабарлайды.
ҚазАқпарат анықтамасы: Әбденов Серік Сақбалдыұлы Қарағанды облысында 1977 жылы 15 қаңтарда дүниеге келді, ұлты - қазақ.
1998 жылы заңгер мамандығы бойынша Қазақстан құқықтану және халықаралық қатынастар институтын үздік бітірген. 2004 жылы экономист мамандығы бойынша Казпотребсоюз Қарағанды экономикалық университетін тәмамдады.
1998 жылдан 2000 жылға дейін ҚР Әділет министрлігінде бас маман, нормативтік құқықтық актілерді тіркеу басқармасы бөлімінің бастығы болған.
2000-2003 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде заңды экспертиза бөлімінің бастығы, бақылау және құжатайналым басқармасының бастығы, ҚР ІІМ аппаратының жетекшісінің орынбасары лауазымында қызмет атқарған.
2003 жылдан 2004 жылға дейін коммерциялық құрылымдарда еңбек етті.
2004 жылдан бастап - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде директор орынбасары, одан әрі Еңбек және халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры лауазымында қызмет атқарды.
2007 жылдың қарашасынан бастап Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің вице-министрі болып тағайындалды.
2009 жылдың 6 наурызынан бастап осы уақытқа дейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып еңбек етті.