ҚР Энергетика министрі МАГАТЭ-де сөз сөйледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Энергетика министрі Қ.Бозымбаев МАГАТЭ-де ядролық қаруды таратпау және атомды бейбіт мақсатта қолдану саласындағы Қазақстанның жетістіктері туралы сөз сөйледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан делегациясының басшысы Энергетика министрі Қанат Бозымбаев МАГАТЭ-де сөйлеген сөзінде ядролық қаруды таратпау режімін нығайту бойынша Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың жаһандық бастамаларына, ядролық энергияны бейбіт мақсатта қолдану саласындағы МАГАТЭ мен Қазақстан Республикасы арасындағы ынтымақтастықтың жағдайы мен болашағына баса назар аударды.

2018 жылдың 17 қыркүйегінде Венада Атом энергиясы бойынша халықаралық агенттігі Бас конференциясының (МАГАТЭ) 62-ші сессиясы өз жұмысын бастады.

Бас конференцияның жұмысына Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бастаған Қазақстан делегациясы қатысып жатыр.

Қазақстандық тарап сессия аясында МАГАТЭ мақсатын жүзеге асырудағы Қазақстанның рөліне арналған слайд-ивент ұйымдастырды. Іс-шараға Ұйымның мүше-мемлекеттері делегацияларының басшылары қатысып, ядролық қаруды таратпау, ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану және жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайту бойынша Қазақстанның күш-жігерін жоғары бағалады.

Қазақстан делегациясының басшысы Сауд Арабия Корольдігінің Энергетика және өнеркәсіп министрімен, Сауд Арабиясы король Абдалла атындағы Атом және жаңғырамалы энергия жөніндегі академиялық қалашығының президентімен, Қытай Атом энергиясы агенттігінің төрағасымен, Үндістан Атом энергиясы комиссиясының төрағасымен, Украина Энергетика және көмір өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасарымен және «Росатом» атом энергиясы бойынша мемлекеттік корпорациясының бас директорымен екіжақты кездесулер өткізді.

МАГАТЭ Бас конференциясының жұмысы 21 қыркүйекке дейін жалғасады. Осы іс-шара аясында 140-тен астам мүше-мемлекеттік делегациялары МАГАТЭ жыл сайынғы баяндамасын және ядролық қауіпсіздік туралы баяндаманы, сондай-ақ Агенттіктің есебін, бағдарламасы мен бюджетін қарайды. 

Соңғы жаңалықтар
telegram