ҚР Энергетика министрлігі төртінші МӨЗ бойынша жұмыс тобын құрды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Энергетика министрлігінің жұмыс тобы төртінші мұнай өңдеу зауытына қатысты барлық сауалдарды қарастыратын болады. Бұл туралы ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлім етті.
Ол жаңа зауытты салу Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы екендігін еске салды.
«Осы мәселемен айналысатын жұмыс тобын құрдық. Шешілмеген сауалдар бар, жұмыс тобы осыларға жауап табатын болады», - деп атап өтті ол.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, алдымен зауыттың орналасатын жерін анықтау қажет. Екіншіден, оның қуаттылығы мен орташа құнын анықтау керек. Үшіншіден, зауыттың өнімін өткізетін қандай нарықтар барын бағамдау мақсаты тұр.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, қуаттылығы жылына 10 млн. тонна мұнайдан аспайтын зауытты салу тиімді емес және оның қисыны да жоқ. Оның құны 10 млрд. доллардан асып кетеді.