ҚР Энергетика министрлігінде қызмет ететін әйелдердің тең жартысы тұрмыс құрмаған
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Энергетика министрлігінде 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай ұйымдастырылған мерекелік шара өтті деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Ведомство басшысы Қанат Бозымбаев министрліктегі әйелдер қауымын мерекемен құттықтап, мықты денсаулық, ұзақ өмір, әдемілік, махаббат пен түсініспеншілік, бейбітшілік, әр шаңыраққа жылулық және табыс, бақыт пен гүлденуді тіледі. Сонымен қатар әйелдер қауымының Қазақстан Республикасының энергетика саласын дамытудағы маңызды рөлі мен белсенділігін атап өтті.
ҚР Энергетика министрлігінде басқарушы қызметіндегі әйелдер қауымының үлесі 42% құрайды. Жалпы мұнай-газ саласында еңбек ететін әйелдер үлесі 18% құрайды. Атом саласында - 22% (5 369 адам), оның ішінде 14 әйел басқарушы лауазымда. Электр энергетикасы саласында көрсеткіш 27,3%-ды (6189 адам) құрайды.
ҚР Энергетика министрлігінде (комитеттерді қоса алғанда) барлығы 220 әйел және 196 ер адам жұмыс істейді. Ер адамдар арасындағы ғылым докторларының саны - 2, әйелдер арасында ғылым докторлары жоқ. Алайда, 1 әйел - PHD, ер адамдар арасында PHD жоқ. Ер адамдар арасындағы ғылым кандидаттары - 7, әйелдер арасында - 4. Министрліктің 220 әйел қызметкердің 114-і тұрмыс құрған, 106-сының басы бос. ҚР Энергетика министрлігінің әйел қызметкерлері 178 баланың анасы (Қызметкер ер адамдар - 205 баланың әкесі). Министрліктің 65 әйел қызметкері спортпен, 48 шығармашылықпен айналысады.
Өткен жылы Министрліктің 2 әйел қызметкері сүбелі үлес және еңбегі үшін «Ерең еңбегі үшін» медалімен, екеуі - ҚР Президентінің құрмет грамотасымен, төртеуі «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен, алтауы «Экология саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.