ҚР Футбол федерациясында кадрлық өзгерістер болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Футбол федерациясының басшылық құрамында кадрлық өзгерістер орын алды. Бұл туралы еліміздің футбол федерациясы атқару комитетінің отырысы қорытындыларымен белгілі болды.
«Аталған отырыс барысында мынадай шешімдер қабылданды: Аллен Сержанұлы Шайжүнісов Қазақстан Футбол федерациясының бірінші вице-президенті болып тағайындалды; Виктор Георгиевич Катков атқару комитетінің құрамынан шығуына байланысты Қазақстан Футбол федерациясының вице-президенті қызметінен босатылды және Федерацияның Алматы қаласындағы өкілдігінің директоры қызметіне тағайындалды; Олжас Шәкенұлы Абраев Қазақстан Футбол федерациясының вице-президенті болып тағайындалды», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, атқару комитетінің мүшелері «Ертіс» футбол клубының өтінішін қарап, Қазақстан чемпионатындағы командалардың қазіргі санын өзгеріссіз қалдырды. Лига кеңесіне бұл мәселені зерделеп, ұсыныстарын енгізу тапсырылды. Бұдан бұрын атқару комитеті Чемпионатқа қатысатын командалар санын 12-ден 10-ға дейін қысқару қажет деп шешкен болатын.