ҚР ІІІ қысқы Спартакиадасында ШҚО құрамасы жеңіске жетті

АСТАНА. 11 ақпан. ҚазАқпарат - 5-10 ақпан күндері Қарағанды қаласының Мұз айдыны сарайында шайбалы хоккейден ҚР ІІІ қысқы Спартакиадасы өтті.

ҚР ІІІ қысқы Спартакиадасында ШҚО құрамасы жеңіске жетті

Астана қаласының ресми сайты Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, жарысқа еліміздің аймақтары мен Астана және Алматы қалаларынан тоғыз команда қатысты. «Астана», «Барыс-2» және «Қар барысы» ХК ойыншылары, сондай-ақ әуесқой-ардагерлер елордалық хоккей мектебі атынан шығып, «шептің» бір жағында болды.

Екі топқа бөліну үшін алдымен командалар өзара ойын өрнегін өрбітті.

Астаналықтар бірінші ойында 5:4 есебімен Қостанайдың командасына есе жіберіп, екінші және үшінші ойындарда жеңісті ұстап қалды. Павлодар облысы командасымен бастапқы ойында Астана командасы 7:4 есебімен жеңіске жетіп, елордалық шабуылшы Денис Тарарин төрт рет көзге түсті. Алматы қаласы командасымен ойын 7:3 есебімен аяқталды. Астана командасының қорғаушысы Никита Еременко жақсы ойын көрсетті. Ұпай санын арттырған астаналық хоккейшілер топтар арасында топ жарып, спартакиада финалында бақ сынау құқығына ие болды.

Ойын финалы 10 ақпан, жексенбі күні өтті. Негізгі ойыншылары «Торпедо-2» командасынан тұратын ШҚО командасы есепті алғашқы болып ашты. Екінші кезеңде астаналықтар алға шыққанымен, үшінші кезеңде ШҚО құрамасының қарымтасыз салған төрт шайбасы жеңісті айқындап берді. Сонымен финалдық кездесуде 5:2 есебімен ШҚО командасы бірінші орынға шығып, ал Астана құрамасы Спартакиаданың күміс жүлдегері атанды. Үшінші орынды Қарағанды облысының командасы иеленді.