ҚР Инвестициялар және даму министрі Ұлттық ғарыш орталығымен танысты
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек бүгін Астанада салынып жатқан Ұлттық ғарыш орталығына барды.
Министрмен бірге ғарыш инфрақұрылымы нысанына министрдің бірінші орынбасары Альберт Рау және ҚР ИДМ жауапты хатшысы Замир Сағынов келді.
Министрлік делегациясын ИДМ Аэроғарыш комитетінің төрағасы міндетін атқарушы Еркін Шаймағамбетов пен Қазғарыш төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабеков алып жүрді.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ президенті міндетін атқарушы Марат Нұрғожин ҚР ИДМ басшылығына қолданыстағы ЖҚЗ (жерді қашықтықтан зондтау) жерүсті ғарыш жүйелері, жоғары дәлдіктегі спутниктік навигация жүйелері, ғарыш кемелерін құрастыру-сынау кешендері бар және 30 гектар жердегі өзге де өндірістік мекемелері, әкімшілік және тұрғын үй аумағы бар ғарыш орталығының макетін көрсетті.
ЖҚЗ (жерді қашықтықтан зондтау) орталығында қонақтарға KazEOSat-1 және KazEOSat-2 ғарыш кемелерінің Жерге ғарыштық мониторинг жасау жұмысы көрсетілді. Компания мамандары ғарыш суреттерін алу және өңдеу технологиялары, ҚР ЖҚЗ ҒЖ қызметі мен өнімдерін ел экономикасы үшін пайдалану мүмкіндіктері туралы әңгімеледі.
«Ғалам» бірлескен кәсіпорнының директоры Баубек Оралмағамбетов таныстырған кабельдік өндіріс аумағы қонақтардың қызығушылығын тудырды.
ҚР ИДМ басшылығына ғарыш аппараттарының компоненттерін құрастыратын ең маңызды бөлмені көрсетті. Ғарыш техникасын құрастыру мен жобалау жұмыстарының толық өндірістік циклы арнайы технологиялық бюроның 3Д принтинг аумағында көрсетілді.
Ұлттық ғарыш орталығына жұмыс сапарының соңында министр Ж.Қасымбек «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ айналысатын барлық негізгі жобалардың қолдауға ие болатынын айтты. «Елімізде ғарыш саласын құру туралы мемлекет басшысының тапсырмасы орындалу керек. Бүгінгі басты міндетіміз - ғарыш аппараттарын құрастыру-сынақтан өткізу кешенін жасау», - деді министр.