ҚР Ішкі әскерлерінің құрылғанына 19 жыл толды

АСТАНА. 10 қаңтар. ҚазАқпарат - Осыдан дәл 19 жыл бұрын, 1992 жылдың 10 қаңтарында ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан Республикасының Ішкі әскерлері туралы» Жарлыққа қол қойды.

ҚР Ішкі әскерлерінің құрылғанына 19 жыл толды

«Біздің Ішкі әскерлер аса маңызды міндеттерді атқарады - олар еліміздегі ішкі тәртіпті қамтамасыз етеді. Әскер мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігін нығайтуға зор үлес қосуда. Мен, Еліміздің Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы ретінде қызметтің қолайлы жағдайда өткерілуіне, Ішкі әскерлердің тиісті деңгейде жабдықталуына қамқорлық жасауға тырысамын», - деген болатын Елбасы Астана гарнизонының әскери бөлімдеріне Жауынгерлік Ту тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзінде.

Қазіргі уақытта жедел мақсаттағы әскери бөлімдер полиция қызметкерлерімен бірлесіп еліміздің 18 қаласындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Тек өткен жылдың ішінде ғана 4503 патрульдік қызмет міндеті орындалып, әскери жасақ 110 мыңнан астам құқық бұзушыны ұстап ішкі істер органдарына жеткізді. Оның ішінде қылмысқа қатысты күдікпен ұсталғандардың саны - 3495. Сондай-ақ 163 суық және 58 ату қаруы тәркіленіп, жалпы салмағы 2,7 келі болатын 255 әртүрлі есірткі заттары заңсыз айналымнан алынып тасталды.