ҚР Ішкі істер министрі ішкі істер органдары қатарында жұмыс істеген ҰОС ардагерлерін марапаттады

АСТАНА. Мамырдың 1-і. ҚазАқпарат - Кеше, сәуірдің 30-ы күні Алматыда ҚР Ішкі істер министрі Серік Баймағанбетов ішкі істер органдары қатарында жұмыс істеген Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін Жеңістің 65 жылдығымен құттықтап, оларға мерейтойлық медальдарды табыс етті.
None
None

Жеңістің 65 жылдығына арналған салтанатты шараға соғыстан кейінгі жылдары солдат шинелін милиция мундиріне ауыстырған Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері шақырылды.

Министр өз сөзінде жауынгер-ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін жалпыхалықтық жеңіске қосқан үлестері үшін, соғыстан кейінгі ұзақ жылдарғы және қылмыспен күресу жолында аянбай еткен еңбектері үшін шексіз алғысын білдірді.

«Қазақстандықтар аға буынның жанқиярлық ерлігін әрдайым есте сақтайды. Сұрапыл соғыс жылдарында ата-бабаларымыз көрсеткен батырлық Отанға деген шексіз адалдықтың, шынайы айбындылықтың, отансүйгіштік пен ержүректіліктің айрықша үлгісіне айналды. Бүгінгі таңда ішкі істер органдарының қызметкерлері қылмысқа қарсы күресу, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау жөніндегі қызметті абыроймен атқара отырып, аға ұрпақтың айтулы істері мен игі дәстүрлерін лайықты жалғастырып келеді» - деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ ол, Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында аға буынға, ҰОС ардагерлеріне қамқорлық көрсету - басымдықты мәселе ретінде көрсетілгенін тілге тиек ете келе: «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Сіздер мерейтойлық медальмен марапатталдыңыздар, Сіздерге 65 мың теңге мөлшерінде бір жолғы жәрдемақы төленетін болды. Полиция қызметкерлері мен ішкі әскерлердің әскери қызметшілері жинаған қаражаттан әрқайсыңызға 55 мың теңге берілді. Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген, соғыста қаза тапқан әскери қызметшілердің жұбайларына, тыл еңбеккерлеріне де материалдық көмек көрсетілетін болады», - деді С.Баймағанбетов.

Министр салтанатты рәсімге қатысқан барлық 200-ден астам ардагерге Жеңістің 65 жылдығына арнап шығарылған мерейтойлық медальдарды табыс етті.

Соңғы жаңалықтар