13:28, 21 Сәуір 2011 | GMT +5
ҚР Ішкі істер министрі Қ.Қасымов Астана қаласы Ішкі істер департаментінің басшылығымен кеңес өткізді
АСТАНА. 21 сәуір. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Астана қаласы Ішкі істер департаментінің басшылығымен жұмыстық кеңес өткізді.
Кеңесте Ішкі істер министрі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құқық қорғау органдарының алдына қойған талаптарды, соның ішінде әрбір полиция қызметкеріне жүктеліп отырған тапсырмалар туралы айтты. Қ.Қасымов, полицейлердің кәсіби деңгейін көтеру, жеке құрамның әскери, қызметтік және атыс дайындығы мәселесіне де жіті тоқталды. Ал ұйымдасқан қылмыстың алдын алу және оны болдырмау, қоғамдық тәртіпті қорғау, полиция қызметкерлерінің қатарындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес түйіткілдері оның айтуынша, аса назар аударуды қажет етеді.
Кеңес соңында Астана қаласы ІІД-нің бастығы полиция генерал-майоры Марат Демеуов, Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына жүктеген жауапкершілікті елорданың әрбір сақшысы естен шығармайтындығын қадап айтты.