ҚР Ішкі істер министрінің екі орынбасары тағайындалды
Бұл туралы бүгін журналистермен болған апталық брифингте аталмыш министрліктің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның мәліметтеріне қарағанда, Елбасының Өкімімен орнынан босаған министрдің орынбасарларының орнына Александр Кулинич пен Амантай Әубәкіров тағайындалды. «Полиция генерал-майоры А.Кулинич ішкі істер органдарындағы қызметін 1984 жылдан бастаған. Ол аудандық ішкі істер бөлімінде жедел уәкіл, аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, Мемлекеттік тергеу комитетінің Ақмола облысы бойынша департамент бастығының орынбасары,
Ішкі істер министрлігінің Криминалдық полиция департаментінде басшылық лауазымдарды атқарған. Сондай-ақ ол Шығыс Қазақстан облыстық Ішкі істер бас басқармасы бастығының бірінші орынбасары, Қарағанды облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы, Ішкі
істер министрлігінің Қырғызстан Республикасы Ішкі істер министрлігіндегі өкілетті өкілі, Ішкі істер министрінің кеңесшісі қызметтерінде болған. Соңғы уақытта министрліктің Өзіндік қауіпсіздік қызметінің бастығы лауазымын атқарды», деді департамент бастығы.
Сондай-ақ ол полиция полковнигі Амантай Әубәкіров ішкі істер органдарында 1980 жылдан бастап қызмет етіп келе жатқандығын атап өтті. А.Әубәкіров қылмыстық іздестіру комитетінің жедел уәкілі, Криминалдық полиция комитетінің бастығы, аудандық ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары, Мемлекеттік тергеу комитеті аудандық басқармасының бастығы, Алматы қаласының екі ауданының Ішкі істер басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. Сондай-ақ ол Алматы қаласының Ішкі істер департаментінің Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары және бастығы болған. Соңғы уақытта Алматы қалалық Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары лауазымын атқарып келді.
Қ. Жұманов полиция генерал-майоры Қалмұхамбет Қасымовтың Шығыс Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің бастығы лауазымына тағайындалғандығын жеткізді.