ҚР ИЖТМ сапасы төмен және сертификатталмаған 634 млн. теңгенің өнімін нарыққа жібермеді

АСТАНА. 11 сәуір. ҚазАқпарат - Сапасы төмен және сертификаттары жоқ 634 млн. теңгенің өнімін сатуға тыйым салынды.

ҚР ИЖТМ сапасы төмен және сертификатталмаған 634 млн. теңгенің өнімін нарыққа жібермеді

Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Рыскелді Сәтбаев мәлім етті.

«Техникалық реттеу және метрология комитетінің аумақтық департаменттері 2013 жылдың 1-ші тоқсанында түрлі нысандағы жеке меншік шаруашылық субъектілерінде өлшем құралдарының жағдайына және олардың пайдаланылуына, техникалық регламенттер талаптарының сақталуына 550 тексеріс жүргізді. Олардың 310-ында заңнама талаптарының бұзушылықтары анықталды»,-деді комитет басшысы.

Барлық түрлі тексерістердің нәтижелері бойынша сапасы төмен, таңбаланусыз және сәйкестік сертификаттары жоқ 634 млн. 100 мың теңге сомасындағы әртүрлі өнімнің 1 920 партиясын сатуға тыйым салынды.

Осы орайда заң бұзушыларға 36 млн. 593 мың теңге сомасына айппұлдар салынды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өлшемдер жүйесінің тізіміне енгізілмеген және салыстырып тексерілмеген 1 901 бірлік өлшем құралдарын пайдалануға тыйым салынды.