ҚР Қарулы Күштері қатарында Ауған соғысының 100-ге жуық ардагері бар (ФОТО)

Бұл туралы ҚР ҚМ баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде Ауған соғысына қатысқан 100-ге жуық адам бар. Олар офицерлік, сержанттық және азаматтық персонал лауазымдарында әскери қызмет өткеруде және қазақстандық армияның игілігі үшін өз міндеттерін абыроймен атқарып жүр.
Еліміздің барлық аумағында осы атаулы күн қарсаңында бірнеше салтанатты мерекелік іс-шаралар өткізілуде. Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында 200-ден аса әскери қызметші Ауғанстанда қаза болған жауынгерлерге құрмет көрсетті. Іс-шараға 61993 әскери бөлімінің ту ұстаушы топтары, Құрлық әскерлері мен Радиоэлектроника және байланыс әскери институттарының курсанттары, «Жас ұлан» әскери мектебінің тәрбиеленушілері, әскери үрмелі оркестр, құрмет қарауылы ротасы, ҚР ҚК Аэроұтқыр әскерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қатысады.
Десантшылар қоян-қолтық ұрыстың элементтерін көрсетеді, әскери қызметшілер гүл шоғын қойып, бір минут үнсіздіктен кейін митингті бастайды.
Астанада салтанатты шара Халық қаһарманы Бақытжан Ертаевтың қатысуымен ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өтуде. Концерттік бағдарламаға орталық ансамбль, әскери оркестрдің қолдауымен ҚР ҚК ардагерлері, Ауған соғысының ардагерлері, «Жас ұлан» мектебінің тәрбиеленушілері атсалысты.
Тараздағы гарнизондық офицерлер үйінде салтанатты іс-шара өтті. Қазақстандық республикалық Ауған соғысындағы мүгедектер қоғамы басқармасының төрағасы Алтай Сармолдаев Ауған соғысының ардагерлері мен Тәжік-Ауған шекарасындағы шайқасқа қатысқандарға наградалар табыс етті.
Аталмыш шараға арналған жаппай жүгіру «Астана» өңірлік қолбасшылығында өтті. Оған 31775, 36352, 55524 әскери бөлімдерінің 400-ге жуық әскери қызметшісі қатысты. Салтанатты іс-шараны «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Сұлтан Камалетдинов ашты. Одан басқа, оқушылардың қатысуымен ерлік сабақтары өткізілді.
Әскери қызметшілер мен оқушылар интернационалист жауынгерлермен кездесті, сол қиын-қыстау кезеңді еске алып, жауынгерлеріміздің Отан алдындағы борыштарын қалай адал әрі ержүректілікпен өтегендерін естіп білді.
Әскери қызметшілердің пікірінше, сол бір сұрапыл соғыстың бізге берген өнегесі бүгінгі күні де айрықша мәнге ие және ұрпаққа үлгі боларлықтай тәлімі мол. «Ауғанстан - бұл әскери борышқа деген адалдықтың жоғары сезімі. Генералдар мен офицерлер ерлік пен батырлықты көрсетті, алайда, ерліктің ең бір тамаша жарқын көрінісін қатардағы жауынгер сарбаздар көрсеткен еді. Мыңдаған біздің сарбаздарымыз батыр атанды: командирлердің кеудесін жауып, оттың құрсауында қалған жаралыларды құтқарды, сарбаздарымызға ғана тән ерлікке толы ерекше қасиеттерін паш етті», - дейді ардагерлер.