ҚР Қарулы Күштерінде әскери резерв даярлау жөніндегі жұмыс жалғасуда

АСТАНА. 27 қараша. ҚазАқпарат - ҚР Қарулы Күштерінде әскери резерв даярлау жөніндегі жұмыс жалғасуда. Қарағанды облысындағы «Спасск» оқу-жаттығу орталығында 100-ге жуық адам әскери оқытылған резервті даярлау жөніндегі жиынға қатысты. Олардың ішінде түрлі мамандық пен кәсіп иелері бар. Жиыннан өту кезеңінде олардың жұмыс орындары сақталып, мемлекет есебінен айлық орташа жалақылары төленеді.

ҚР Қарулы Күштерінде әскери резерв даярлау жөніндегі жұмыс жалғасуда

Бұл осы оқу орталығында жыл басынан бері өткізілген тоғызыншы жиын.
2013 жылы осы оқу-жаттығу орталығында Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақмола, Қостанай облыстарынан және Астана қаласынан келген әскери міндеттілер даярлықтан өтті.

Бір айлық бағдарлама бойынша бастапқы әскери істің әліпбиімен теориялық таныстыру жүргізіледі. Содан соң шақырылған азаматтар ант қабылдайды. Жиын барысында әскери міндеттілермен тактикалық, инженерлік, мемлекеттік-құқықтық, дене және атыс даярлығы бойынша теориялық және практикалық сабақтар өткізіледі.

Даярлық қорытындысы бойынша әскери міндеттілер арнайы куәлік алады, бұл оларға келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылдану құқығын береді.

2013 жылы 5 оқу-жаттығу орталығының базасында 8000-нан астам республика азаматы, соның ішінде 300-ге жуық офицер жиыннан өтті, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.