ҚР Қарулы Күштерінде Конституция күніне арналған мерекелік іс-шаралар өтуде

Атап айтсақ, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты Тараз гарнизонының Офицерлер үйінде әскери қызметшілер Мүмкіндігі шектеулі адамдарды емдеу және оңалту орталығында мерекелік концерт ұйымдастырды. Әуендері жүрекке жол тапқан танымал қазақ сазгерлерінің патриоттық әндерін офицерлер шырқады.
«30 тамыз - бұл айтулы күн, тұтас мемлекетіміздің және қазақстандық халықтың ерекше тарихи күні. Сондықтан бұл мерекеде барлық қазақстандықтардың, жастар мен қарттардың, сіздің қамқорлығыңыз бен назарыңыз аса қажет адамдармен бірігу өте маңызды», - дейді Тараз гарнизоны Офицерлер үйінің бастығы аға лейтенант Айман Сметова.
Дәл осы уақытта Алматы қаласындағы «Халық» спорттық саябағында ҚР Ата Заңының 20 жылдығына ұштасқан жергілікті әскери басқару органдарының әскери қызметшілерінен құралған сегіз команда арасында шағын футболдан біріншілік өтіп жатыр.
Атап өткен жөн, ҚР Конституциясының 20 жылдығын мерекелеу 8 тамыз күні ҚР Қарулы Күштерінде «Ата Заңға адалмыз» атты патриоттық акциясымен бірге басталды. 30 тамызға дейін жалғасқан акция Қарағанды, Ақтау, Шымкент және Өскемен қалаларындағы ҚР ҚК барлық өңірлік қолбасшылықтарында өтті, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.