ҚР Қарулы Күштерінде өткен «Ата Заңға адалмыз» патриоттық акциясы мәресіне жетті (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Консититуциясының 20 жылдығына арналған «Ата заңға адалмыз» атты патриоттық акциясы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлері қолбасшылығының барлық өңірінде өтті.

 ҚР Қарулы Күштерінде өткен «Ата Заңға адалмыз» патриоттық акциясы мәресіне жетті (ФОТО)

Аталған іс-шара бойынша акцияның соңғы нүктесі Өскемен гарнизоны болды. Металлургтер алаңында ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мұрат Майкеевтің атынан әскери қызметшілерге алғыс хаттары табыс етілді.

«Үздік отбасы» аталымының марапаты 27943 әскери бөлімі штабтық батальон командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар бойынша орынбасары капитан Асхат Жиенбаевқа табыс етілді. «Үздік взвод командирі» - лейтанант Серікжан Бимурзин, «Үздік батальон сержанты» болып 3-сыныпты сержант Нұрлан Қорабаев атанса, «Үздік медбике» - кіші сержант Анна Головановаға, «Үздік оқытушы» - запастағы подполковник Владимир Зуевке бұйырды. Сонымен қатар 2015 жылы Лос-Анджелесте өткен Арнайы олимпиадалық ойындардың жеңімпазы Диас Мұратұлы марапатталды.

«Ата заңға адалмыз» акциясының мақсаты - Қарулы Күштердің әскери қызметшілерінің, жауынгерлердің жоғарғы патриоттық сезімін, Отанға деген сүйіспеншілігін, Конституцияның арқасында мемлекетіміздің қол жеткізген жетістіктерін көрсету. Халқымыздың және Қарулы Күштердің қаншалықты қуатты болғанын көрсету», - деді ҚР ҚК Құрлық әскерлері бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Жұмабек Хасенов.

Бұдан өзге, қамтамасыз ету ротасының командирі аға лейтенант Аманжол Дүйсеновке кезекті «капитан» әскери атағы берілді.

«Ата заңға адалмыз» акциясының ауыспалы жалаушасы Астанадағы ҚР ҚК ҚӘ Бас қолбасшысының мұражайына табыс етілді.

Естеріңізге сала кетсек, «Ата заңға адалмыз» шарасы биыл бірінші рет өткізіліп отыр. Акцияны Қарағанды, Ақтау, Шымкент және Өскемен қалалары қарсы алды.