09:41, 10 Қаңтар 2015 | GMT +5
ҚР Қарулы Күштерінде жаңа оқу жылы басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қарулы Күштерінде жаңа оқу жылының басталуына орай Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - ҚР ҚК Бас штабының бастығы генерал-полковник Сәкен Жасұзақов «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының Өскемен, Семей гарнизондарында болды, деп хабарлады ҚР ҚМ баспасөз қызметінен.
Генерал-полковник С. Жасұзақов жауынгерлік әзірлік бойынша сабақтар өткізуді ұйымдастыруды, қару-жарақ пен әскери техниканың жай-күйін, әскери бөлімдердің оқу-материалдық базасы мен инфрақұрылымын тексерді. Ол, сондай-ақ, әскери қызметшілердің қызмет және тұрмыс жағдайларымен танысты.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының Луговой және Тараз гарнизондарында болған ҚР ҚК Бас штаб бастығы бөлімдерді жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтіру барысын тексерді. С. Жасұзақов, сондай-ақ, командирлерді жауынгерлік әзірлікті арттыру, жеке құрамның моралды-психологиялық жағдайын нығайту және әлеуметтік-тұрмыстық саланы жақсартуға баса назар аударуға шақырды.