ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері Жеңістің 70 жылдығына арнап жүзуден сайыс ұйымдастырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қорғаныс министрлігі Армия Орталық спорт клубының әскери қызметшілері және олардың отбасы мүшелері алты команда құрамында Астанадағы «Сарыарқа» спорт кешенінде өткен жүзуден жарысқа қатысты.

ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері Жеңістің 70 жылдығына арнап жүзуден сайыс ұйымдастырды

Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Аталмыш іс-шара Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы мен «Армия орталық спорт клубы - Спорт комитетінің» құрылғанына 23 жыл толу қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Жарыс қорытындысы бойынша «Арыстан» тобы ең жақсы көрсеткіштер көрсетіп, жеңіске жетті. Аталмыш топқа Спорт комитетінің төрағасы - ҚР ҚМ АОСК бастығы полковник Ерлан Таласбаев басшылық етті. Күміс жүлдені «Бүркіт» тобы жеңіп алды, қола жүлдеге «Жолбарыс» тобы ие болды. Жүзу - әскери қызметшілердің дене даярлығынан тапсыратын басты нормативтердің бірі екенін айта кеткен жөн. Осыған байланысты, жүзу бассейні мен спорт кешендеріне ақысыз бару ұйымдастырылған. Бүгінгі таңда біздің елімізде спортпен шұғылдануға барлық жағдайлар жасалған. Қысқы уақытта шаңғы мен коньки тебушілерге базалар мен мұзайдыны жасалуда, жазда велосипед, роликті конькилерді жалға беретін пункттер ашылуда. Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін спортқа баулу ісінде спорттың әскери-қолданбалы түрінен бастап ұлттық түрлеріне дейін сайыстар үлкен үлес қосуда.