ҚР Қарулы Күштерінің спортшысы оқ ату бойынша Қазақстанның жаңа рекордын орнатты (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыда ҚР спорттық оқ ату Федерациясы Президентінің кубогында пневматикалық қарудан оқ атуда Қазақстан Республикасының жаңа рекорды орнатылды.

ҚР Қарулы Күштерінің спортшысы оқ ату бойынша Қазақстанның жаңа рекордын орнатты (ФОТО)

Оның авторы - ҚР Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының армиялық спортшысы Юрий Юрков.

10 метр қашықтықта атқыш 624,4 ұпай жинап, Әзербайжанда өткен 2015 жылғы әлем кубогында орнатқан алдыңғы 622,9 ұпайынан асып түсті, деп хабарлайды Қр ҚМ баспасөз қызметі.

Бұл рекорд - армиялық спортшының тағы бір жетістігі. Ол - әлем кубогының жеңімпазы, ҚР бірнеше дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2016 жылы өтетін Олимпиадалық ойындарға арналған лицензия иегері. Сондай-ақ осы жылдың қорытындысы бойынша ҚР спорттық оқ ату федерациясының рейтингінде бірінші орынды еншіледі.

Бүгінде еліміздің Қарулы Күштерінде спортқа ерекше көңіл бөлініп отырғанын айта кеткен жөн. Әскери қызметшілерді әрі қарай дамыту және спортқа баулу үшін осы жылы алғаш рет Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс Әскери институтының спорттық базасында ҚР Қарулы Күштерінің дене даярлығы және спорт мамандарымен оқу-әдістемелік жиын ұйымдастырылды. Мұнда ҚР ҚМ АОСК және дене шынықтыру әскери институтының офицерлері дене даярлығын басшылыққа алу, жоспарлау, ұйымдастыру, бақылау және есепке алу жөнінде бірлескен дәрістер мен семинарлар өткізді. Дене даярлығы бойынша сабақтарды өткізудің педагогикалық негіздерін, әскери қызметшілердің дене тұрғысындағы қасиеттерін дамыту әдістемелерін, медициналық қамтамасыз етуді қарастырды.