19:00, 11 Наурыз 2009 | GMT +5
ҚР кәсіподақтар федерациясы еліміздің жұмысшылары мен кәсіпшілер одақтарына үндеу қабылдады
АСТАНА. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысының Қазақстан халқына «Дағдарыстан - дамуға» Жолдауына байланысты ҚР Кәсіподақтар федерациясы еліміздің жұмысшылары мен кәсіпшілер одақтарына үндеу қабылдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат федерацияның баспасөз баянына сілтеме жасап. «Жолдау ? 2009-да» Елбасы Н.Ә.Назарбаев дағдарыстың салдарын жою, келесі экономикалық өсуге дайындық үшін қазақстандықтарды бірігуге шақырды және дағдарысқа қарсы шаралардың жаңа топтамасын ұсынды. Экономиканы одан әрі жаңарту жоспары және дағдарыстан кейін елдің дамуын қамтамасыз ету үшін еңбекпен қамту стратегиясы жүзеге асырылатын болады» - делінген үндеуде.
Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың ұстанымын және оның жаһандық дағдарыстан шығу жөнінде ұсынған жолын қолдайтынын мәлімдеді және барлық деңгейдегі кәсіподақтарды дағдарыстан шығу шараларын бірлесе жүзеге асыруға атсалысуға шақырды.
Кәсіподақтың маңызды міндеттерінің бірі ? еңбекшілерді экономикалық және әлеуметтік қорғау жөнінде күш біріктіру, келісімдер, ұжымдық келісімшарттар жасасу және Ұлттық қордан бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуына және еңбек заңдылықтарының сақталуына, белгіленген барлық міндеттердің жүзеге асуына бақылау жасау. Кәсіподақтар жұмыс берушінің жалақы жөніндегі және жұмысшылардың зейнетақы қорына қарызымен еш келіспеуі тиіс, керісінше сот және прокуратура органдарына оларды жою үшін өтініштер мен талап арыздар берулері керек.«Біздің республикамыз тәуелсіздік алған жылдар ішінде кәсіподақтар өздерін қоғамның жасампаз күші ретінде көрсете алды. Еліміз үшін қазіргідей күрделі кезеңде кәсіподақтар федерациясы жұмысшыларды және барлық еліміздің кәсіподақтарын бірігуге және топтаса түсуге шақырады», - делінген үндеуде.