ҚР Кәсіподақтар федерациясы «Қазақстан-2020» жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясын құру идеясын қолдайды

АСТАНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - «Қазақстан-2020» жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясын құру идеясы референдумды қолдау үрдісіне жаңа қарқын береді.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы «Қазақстан-2020» жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясын құру идеясын қолдайды

Бұл пікірді бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Қайрат Амандықов білдірді.

«Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясының «Қазақстан-2020» жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясын құру идеясы дер уақытында қабылданған шара, әрі референдумды қолдау үрдісіне жаңа қарқын береді. Сондықтан біздер, кәсіподақтар «Нұр Отан» партиясының бастамасына қосыламыз және қолдаймыз», - деп атап өткен Қ. Амандықов реформаларды жүзеге асыра бастаған Ұлт көшбасшысының жетекшілігімен еліміздің одан әрі гүлденуі қажеттігін баса айтты.

Сонымен қатар Қ.Амандықов мемлекетіміздің дамуының барлық кезеңінде кәсіподақ қозғалысына үнемі қолдау білдіріп келе жатқан Елбасына еліміздің кәсіподақтары алғыс білдіретінін жеткізді.

Бұл орайда Мемлекет басшысының кәсіподақтарға зор көңіл бөлетінін атап өткен ол: «Сондықтан, біз өркениетті әлеуметтік мемлекет құру үшін біздің Президентіміздің өзгеріссіз бағытын одан әрі нық қолдайтын боламыз», - деді.