ҚР Кәсіподақтар федерациясы: Тұрақты кәсіпорын - тұрақты қоғам - тұрақты ел

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тұрақты кәсіпорын - тұрақты қоғам - тұрақты ел. ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым ұйымның басты ұранын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы: Тұрақты кәсіпорын - тұрақты қоғам - тұрақты ел

«Біздің басты ұранымыз «Тұрақты кәсіпорын - тұрақты қоғам - тұрақты ел» деп аталады. Тұрақтылық кез келген қоғамның басты құндылығы болып саналады. Егер қызметкер кәсіпорынның тұрақты дамып жатқанын, өзінің әлеуметтік тұрғыда және заң жүзінде қорғалғанын сезсе, отбасында да барлығы жақсы болады. Бұл өзара байланысты үдеріс», - деді Бақытжан Әбдірайым ҚР Кәсіподақтар федерациясының кезектен тыс XXV съезінде.

Оның айтуынша, әлеуметтік серіктестермен бірге, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, компаниялар мен кәсіпорындардың басшылары Қазақстанның әрбір кәсіпорнындағы әлеуметтік тұрақтылыққа қолдау жасаудың механизмдері мен стандарттарын әзірлеуі тиіс.

ҚРКФ төрағасы алдағы жылдардағы ең маңызды міндеттерді, оның ішінде өндірістегі еңбек қауіпсіздігі мен денсаулықты нығайту, жұмыс істейтін адамның әлеуметтік қорғалу саласын жаңарту мәселелеріне назар аударды.

Еске сала кетсек, Астанада ҚР Кәсіподақтар федерациясының кезектен тыс XXV съезі өз жұмысын бастады.

Жиын қатысушыларына ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Жалпы ҚР Кәсіподақтар федерациясы съезінің жұмысына Қазақстанның барлық өңірлеріндегі салалық кәсіподақ ұйымдары атынан 200-ден астам делегат қатысуда.