ҚР Кәсіподақтар федерациясы жанынан әлеуметтік медиация жөніндегі кеңес құрылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада ҚР Кәсіподақтар федерациясы жанындағы әлеуметтік медиация жөніндегі кеңестің бірінші отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отырыс барысында сөз сөйлеген ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында адами капиталды дамыту негізгі басымдықтардың бірі ретінде атағандығын еске салып өтті.
«Бұл процесте әлеуметтік медиация тетіктерін енгізу қадамдары маңызды рөл атқарады. Менің ойымша, бұл мәселені қоғам арасында салмағы бар, өз ойын ашық айта алатын азаматтармен келісе отырып шешкен оңтайлы болады», - деді ол.
Оның айтуына қарағанда, әлеуметтік медиация жөніндегі кеңес ең алдымен еңбек дауларын шешумен айналысады. Ал кеңестің басты мақсаты адамның еркін дамуы мен оның лайықты өмір сүруін қамтамасыз ететін әлеуметтік-еңбек қатынастары проблемаларын шешу үшін диалог алаңын құру болып отыр.
Кеңестің бірінші отырысына Мәжіліс депутаттары, танымал саясаттанушылар, азаматтық сектор өкілдері, әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланушылар қатысты. Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, ҚР Кәсіподақ федерациясы орталықта және жергілікті жерлерде азаматтық сектор, әлеуметтік желілер, «қоғамдық пікірдің» белсенді көшбасшыларын тарту арқылы «медиаторлар пулын» құрып, әлеуметтік медиация жұмыстарының белсенділігін арттыруды жоспарлауда.