ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ә.Құсайынов сайлау науқанына қатысатыны жөнінде мәлімдеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов кезектен тыс президенттік сайлауға қатысуға өтініш білдірді. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фосс мәлім етті.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ә.Құсайынов сайлау науқанына қатысатыны жөнінде мәлімдеді

Ә.Құсайынов 1952 жылы 6 ақпанда Қарағанды облысы Тельман ауданының Майөзек кентінде туған. Қарағанды политехникалық институтын, Ресей басқару академиясын бітірген. Мамандығы бойынша - инженер-механик, саясаттанушы. Еңбек жолын Кузнецк металлургиялық комбинатында бетон құюшы болып бастады. «Қарағандыкөмір» комбинатында бұрғышы, шахта кеншісі болып жұмыс жасады. Қарағанды облысының мемлекеттік басқару органдарында басшылық қызметтер атқарды.

Сонымен қатар ол ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Парламент Сенаты төрағасының орынбасары болып сайланған. ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы, Көлік және коммуникация вице-министрі, Экономика, индустрия және сауда вице-министрі, ҚР Индустрия және сауда министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы, Көлік және коммуникация бірінші вице-министрі болып жұмыс жасады. ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің жауапты хатшысы болды. 2009 жылғы наурыздан 2011 жылғы сәуірге дейін ҚР Көлік және коммуникация министрлігін басқарды. Ал 2011 жылдан 2013 жылға дейін Қарағанды облысының әкімі болды. Қазіргі уақытта - ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы. «Құрмет» орденімен, сондай-ақ медальдармен марапатталған.