ҚР кәсіподақтары қауымдастығының 20 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
АЛМАТЫ. Қазанның 7-сі. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматыда Қазақстан Республикасы кәсіподақтары қауымдастығының 20 жылдығына арналған «Қазақстан кәсіподақтары қауымдастығы: 20 жыл өтті, атқарылған істер мен жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Жиында кәсіподақтар қауымдастығы Бас кеңсесі мен ҚР Парламенті, саяси партиялар мен қозғалыстар, ТМД мемлекеттері ұлттық кәсіподақ орталықтары және басқа ұйым өкілдерінен құралған жалпы саны 300-ге жуық қатысушы болды. Сонымен қатар, еліміздің республикалық, облыстық және аумақтық кәсіподақ төрағалары да қатысты.
Конференцияның ашылу салтанатында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің құттықтауы оқылып, Қазақстан Республикасы кәсіподақтары қауымдастығының төрағасы Сиязбек Мұқашев баяндама жасады.
«Бұл басқосуымызда ТМД және шетел мемлекеттері кәсіподақтарымен тығыз байланыс орнату, жұмыс берушілер мен еңбеккерлер арасындағы қарым-қатынастарды күшейту жолдары талқыланып жатыр. Қазіргі таңдағы күрделі мәселелердің бірі - жұмысшыларға тиісті деңгейде жалақы беру. Бұл жағдайда жұмысшылардың еңбекақысы жұмыс берушінің деңгейіне қарай емес, стандарттарға сай төлену керек. Біз конференцияда осы мәселелерді шешу жолдарын қарастырамыз», - деді ол. Оның айтуынша, қазірге дейін 80-ге жуық отандық кәсіподақтың жалақы беру жүйесіне өзгеріс енгізілген.
Конференцияға қатысушы ҚР кәсіподақтары қауымдастығы жастар кеңесінің және Алматы қалалық «Парасат» кәсіподағының төрағасы Данат Жаңатаевтың айтуынша, Дүниежүзілік кәсіподақтар ұйымы өткізетін семинар-тренингтер отандық кәсіподақтар қызметі сапасының артуына үлкен септігін тигізіп отыр. Сонымен қатар, Қазақстанда кәсіпкерлік жұмыстары мен дамуына заңнамалық тұрғыда басқа ТМД елдеріне қарағанда жақсы жағдай жасалған.
«Еліміздің кәсіпорындарында КСРО заманынан қалған ескі техникаларды заманауи құрылғылармен ауыстыру қарқынды жүруде. Оның өндірістік тиімділігі жоғары болғанымен, жұмысшылардың саны азайып кету қаупі бар. Сондықтан шетелдік технологияларды жаппай қолданысқа енгізуде оның қызмет ету сапасының жоғарылығына аса мән береміз», - дейді С. Мұқашев.
Жиын қорытындысында кәсіпкерліктің дамуы мен жұмысшылар жағдайының жақсаруына қатысты құжаттар қабылданды. Сонымен бірге, қатысушыларға Кәсіподақтар қауымдастығының 20 жылдық құрметіне арналған естелік белгілер табыс етілді.