ҚР Қауіпсіздік кеңесі жанындағы сарапшылық кеңесте энергетика саясаты және энергетикалық қауіпсіздік мәселелері қаралды
АСТАНА. 23 тамыз. ҚазАқпарат - 2012 жылдың 23 тамызында Алматыда Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы Сарапшылық кеңестің отырысы болып өтті.
Күн тәртібінде Қазақстан Республикасының энергетикалық саясаты дамуы және энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Талқылау барысында ҚР Президентінің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы М.М.Тәжин геосаяси және экономикалық жағдайлардың өзгеруін есепке ала отырып, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге талдау жасаудың және оның тәуекелдерін кешенді пысықтаудың маңызын атап өтті.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бастапқы энергиялық ресурстарды өнеркәсіптік қайта өңдеу деңгейін арттыру, оларды тасымалдау жолдарын әртараптандыру, энергетикалық сала инфрақұрылымын жаңғырту, сондай-ақ баламалы жаңартылатын энергия көздерін енгізу бойынша шаралар қабылдау қажет.
Жұмыс қорытындысымен Сарапшылық кеңес Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің және оның ведомствоаралық комиссияларының отырыстарын әзірлеуде пайдаланылатын нақты ұсынбаларын берді.