ҚР Қауіпсіздік кеңесі жанындағы Сараптама кеңесінің отырысында су қауіпсіздігі мен азық-түлікпен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері қаралды

АСТАНА. 18 қазан. ҚазАқпарат - 2011 жылғы 18 қазанда Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы Сараптама кеңесінің отырысы өткізілді, деп хабарлады ҚР Президентінің баспасөз қызметі.

ҚР Қауіпсіздік кеңесі жанындағы Сараптама кеңесінің отырысында су қауіпсіздігі мен азық-түлікпен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері қаралды

Күн тәртібінде Қазақстандағы су қауіпсіздігі мен азық-түлікпен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері қарастырылды. Талқылау барысында ҚР Президентінің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесі Хатшылығының хатшысы Марат Тәжин ғаламдық тенденциялар мен Қазақстан экономикасының қарқынды түрде дамуы азық-түлік пен су ресурстарын басқаруда мемлекеттік саясатты жетілдіруді қажет ететіндігін атап өтті.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан Республикасындағы азық- түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды шара ауыл шаруашылығы өнімдерін және азық-түлік нарығын дамыту болып табылады. Отырыс барысында ұлттық деңгейде су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі аймақтағы жағдайды ескере отырып, терең сарапқа салынды.

Отырыстың қорытындысы бойынша Сараптама кеңесі Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі және оның ведомствоаралық комиссия жұмысында қолдану үшін нақты ұсыныстар берді.