ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің инспекциясы мемлекеттік органдардағы авиациялық техникалардың жай-күйіне тексеріс өткізетін болады
АСТАНА. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін желтоқсанда Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі Қозы-Көрпеш Жаңбыршиннің төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесі инспекциясының кезекті отырысы болды.
Баспасөз баянында атап өтілгендей, отырыста Ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде инспекциялық тексеріс жүргізу нәтижелері тыңдалды. Жаза алып жатқан адамдарға тиісті режимді қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді шешу қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар мемлекеттік органдардың Қауіпсіздік Кеңесі инспекциясының 2013 жылға арналған жұмыс жоспарының жобасына берілген ұсыныстары талқыланды. Қауіпсіздік Кеңесі хатшылығы ұсынған жалпы тәсілдер мақұлданды.
Қуат құрылымдарының ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан аса маңызды бөлімшелеріне инспекция жасаудың орындылығы аталып өтілді. Елде болған соңғы оқиғаларды ескере отырып мемлекеттік органдардағы авиациялық техникалардың жай-күйіне инспекциялық тексеріс өткізілетін болады.
Отырыс нәтижесінде тиісті тапсырмалар берілді.