ҚР кеден органдарының жүйесінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілерінің орын алуы жалғасып отыр - Е.Байтанаев
АСТАНА. Тамыздың 11-і. ҚазАқпарат /Тимур Бектұрғанов/ - Бүгін Астанада ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті ішкі қаупсіздік бөлімшелері қызметтерінің 2009 жылдың 7 айы ішіндегі қорытындылары бойынша брифинг өткізді.
Атап айтқанда, баспасөз қызметінің бастығы Ержан Байтанаевтың айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша қабылданып отырған іс-шараларға қарамастан, кеден органдарының жүйесінде лауазымды тұлғалардың қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды жасау, оның ішінде сыбайлас жемқорлық фактілерінің орын алуы жалғасып отыр.
Мысалы, үстіміздегі жылдың есепті кезеңінде кеден органдарының лауазымды қызметкерлері сыбайлас жемқорлық үшін жағдай жасаған 96 құқық бұзушылық жасаған. Кеден органдарының қызметкерлеріне қатысты 213 қылмыстық іс қозғалды. 2009 жылдың бірінші жартыжылдығында ішкі қауіпсіздік бөлімшелері 290 қызметтік тергеу жүргізді. Тексеру шараларының қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы кеден органдарының 534 қызметкері әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Республиканың кеден органдарынан 31 қызметкер жағымсыз себептермен босатылды.
Е.Байтанаевтың атап айтқанындай, қазіргі уақытта Комитеттің барлық аумақтық кеден органдарында кедендік саясат бойынша қоғамдық-консультативтік кеңестер жұмыс істейді, олардың функцияларына кедендік істі жетілдіру және түсіндіру іс-шараларын іске асыру енеді. Кеңестің құрамына бизнес құрылымдардың, «Нұр Отан» ХДП филиалдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының, сондай-ақ кеден органдары ардагерлер кеңестерінің өкілдері енді. Басым бағыттардың қатарында республика кеден органдары қызметтерінің оң беделін қалыптастыру және азаматтардың сенімдерін арттыру, қылмыспен және сыбайлас қылмыспен қарсы күреске жұртшылықты, БАҚ-ты тарту, сыбайлас жемқорлық көріністеріне жаппай төзімсіздік ахуалын орнату үшін көмек көрсету міндеттері белгіленді.