ҚР ҚК әскери қызметшілері Ми-6 тікұшағын кинотеатр етіп қайта жабдықтады (ФОТО)

Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Атап айтқанда, ҚР Қорғаныс министрлігі Орталық аппаратының әскери қызметшілері ата-анасының қарауынсыз қалған жетім балаларға, сондай-ақ жүйке жүйесі зақымдалған, ой-өрісі және дене дамуында ақаулығы бар мүгедек балаларға тәрбие беру және медициналық көмек көрсетумен айналысатын Астана қаласының мамандандырылған балалар үйінде болды. Полковник Мұрат Мәкішев пен подполковник Қуаныш Төлеубеков Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің атынан бөбектер үйінің тәрбиеленушілерін құттықтады, оларға әртүрлі ойыншықтар сыйлады және бүлдіршіндерге арналған тәттіге толы дастархан жайды. Одан басқа, әскери қызметшілер бөбектер үйіне ауыз суды тазартуға арналған су сүзгішін табыс етті. 4 жасқа дейінгі тәрбиеленушілер меймандарға концерт қойып, «Қасқыр және жеті лақ» театрландырылған қойылымын ұсынды. Бұл мереке сәбилерге күлкі, қуаныш және жақсы көңіл-күй сыйлаған нағыз қиял-ғажайыпқа толы ертегі болды.
Ал Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында балаларға балмұздақ пен сусындарды тегін таратуды ұйымдастырып, батут орнатты және асфальтта салынған суреттер байқауын өткізді. Кинотеатр етіліп жабдықталған Ми-6 тікұшағында балалар мультфильмдерін көрсетті. Сондай-ақ Семей гарнизонының 28738 ә/б базасында спорттық отбасылық эстафета өтіп, онда 36803 ә/б әскери қызметшілерінің отбасылық командасы Жанғабыловтар әулеті жеңіске жетті.