ҚР ҚК: Астанадағы мамандандырылған Балалар үйінде қайырымдылық акциясы өтті (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, Астанадағы мамандандырылған Балалар үйінде ҚР ҚК ӘҚК Әскери-әуе күштерінің әскери қызметшілері ұйымдастырған қайырымдылық акциясы өтті.
Қолбасшылықтың офицерлері, әйелдер кеңесінің өкілдері балаларға қонаққа келді. Күнделікті өмірде сәбилерге қажетті 20 шана, жөргектер, шырын және өзге де заттарды сыйға тартты, деп хабарлайды ҚР ҚМ баспасөз қызметі.
Барлық заттар Балалар үйі басшылығымен келісу бойынша әскери қызметшілердің еркін түрде жинаған қаражатына сатып алынды. «Жаңа жыл - таңғажайып сәт және тілектердің орындалу кезі. Бүгінде бүлдіршіндерге қолұшын созуға және келе жатқан Жаңа жылдық қуаныш әрі көңіл-күй сыйлауға мүмкіндік туып отыр!», - деп атап өтті Әскери-әуе күштері қолбасшысының орынбасары полковник Еркін Жұмағалиев.
Бұл акция ҚР ҚК ӘҚК ӘӘК Әскери кеңесінің бастамасы бойынша өтті және қолбасшылық әскери қызметшілерінің жалпы отырысында мақұлданды. Ол Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері ұдайы негізде жүргізуге және қолдауға тырысып жүрген қайырымдылық шаралардың бір бөлігі болып табылады. Бүгінде әскери қызметшілер шефтік көмек көрсетіп жүрген ҚР ҚК-нің әрбір әскери бөліміне Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен балалар үйінің тәрбиеленушілері бекітілген. Енді бұл қатарға елордадағы мамандандырылған Балалар үйі де кірді. Мекеме ата-анасының қарауынсыз қалған жетім балаларға, сондай-ақ жүйке жүйесі зақымдалған, 4 жасқа дейінгі ойлау қабілеті және дене дамуы тұрғысында кемістігі бар бүлдіршіндерге тәрбие беру және медициналық көмек көрсетумен айналысады.