ҚР ККМ әзірге Украинаның әуе кеңістігін пайдаланбау туралы ескертті

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Көлік және коммуникация министрлігі қазақстандық және шетелдік транзиттік әуе компанияларға Украинаның әуе кеңістігін пайдаланбау туралы ескертті. Бұл туралы бүгін ҚР ККМ Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Серік Мұхтыбаев айтты

ҚР ККМ әзірге Украинаның әуе кеңістігін пайдаланбау туралы ескертті

«Өздеріңіз білесіздер, Украинаның әуе кеңістігінде малайзиялық әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. Қазіргі кезде Украина тарапынан арнайы комиссия құрылып, тиісті құзырлы органдар тергеу амалдарын жүргізуде. Біз осы апат салдарынан қаза болғандардың туған-туысқандарына қайғырып көңіл айтамыз», - деп тоқталған ол: «Украина әуе кеңістігі арқылы қазақстандық әуе компанияларының ұшуы мәселесіне тоқталатын болсақ, кешегі апаттың нақты себептері анықталғанша қазіргі кезде біз осы елдің әуе кеңістігін пайдаланбау туралы ескертулер жасадық. Кеше «Эйр Астана» Украина аумағы арқылы ұшуды тоқтатты. Осы сәтте тиісті консультациялар жүргізіліп жатыр», - деп атап өтті.

Оның сөзіне қарағанда, жақын арада еуропалық қадағалау, Украинаның авиациялық билігі, Халықаралық авиациялық комитеті тарапынан аталған елдің әуе кеңістігін пайдалану мүмкіндігі тұрғысында шешімін береді.

Оның айтуынша, Украина аумағы арқылы қазақстандық әуе компаниялары ішінде «Эйр Астана» ғана ұшқан және кейбір кездерде чартерлік рейстер жасалып отырған.