ҚР ҚМ: МиГ-31 экипажы ерлік пен батырлық танытып, ұшақтың елді мекенге құлауына жол берген жоқ

АСТАНА. 25 сәуір. ҚазАқпарат - МиГ-31 экипажы ерлік пен батырлық танытып, ұшақтың елді мекенге құлауына жол берген жоқ.

ҚР ҚМ: МиГ-31 экипажы ерлік пен батырлық танытып, ұшақтың елді мекенге құлауына жол берген жоқ

Бұл туралы бүгін ҚР Қорғаныс министрлігінде өткен брифинг барысында ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштері Майдандық авиация басқармасының инспекторы-аға ұшқыш, полковник Талғат Кенжебаев мәлім етті.

«Ұшудың 10-шы минутында, 22 сағат 42 минутта Қарағанды әуе аймағынан 97 шақырым қашықтықта әуеде штаттан тыс жағдай орын алған. Экипаж командирі ұшулар басшылығына мәжбүрлі катапульталану туралы баяндаған. Экипаж ұшақты елді аймақ үстінен алып өтіп, айдалаға апарып тастап шығуға мәжбүр болған. Экипаж командирі полковник Едігеев өкінішке орай қайтыс болды. Экипаж штурманы майор Галымзянов парашютпен қонған кезде орташа дәрежелі жарақат алды. Қазір жағдайы жақсы», - деді Т.Кенжебаев.

Оның атап өтуінше, полковник Едігеев екінші сыныпты әскери ұшқыш. Ю.Гагарин атындағы әскери авиация академиясын үздік бітірген. Жалпы ұшу сағаты - 1600. Аталған ұшақта 640 сағат ұшқан. Ұшқыш барлық мекен жайда күндіз және түнде, кез келген ауа райында ұшуға дайындалған.

«Экипаж ерлік пен батырлық танытып, сауатты әрекет жасаған. Соңына дейін ұшақты құтқаруға және жағдай орын алған аудандағы Просторное елді мекеніне әуе кемесін құлатпауға тырысқан», - деді ол.

Сонымен қатар полковниктің сөзіне қарағанда, штурман Галымзянов 3 мың метрлік биіктікте тік ұшу барысында бұрылуды орындағаннан кейін, ұшақ кенеттен солға қарай айнала бастап, оны қатты иірімге тартып әкеткенін айтқан. Экипаж командирі мың метрлік биіктікке дейін ұшақты аман алып қалуға әрекет жасаған. Бұл әрекетінен ештеңе шықпағаннан кейін елді мекеннен ұшақты алып өтіп қана катапульталануға шешім шығарған.

«Бірінші болып, майор Галымзянов және 0,4 секундтан кейін полковник Едігеев ұшақты тастап шыққан. Ұшақтың құлау жылдамдығы өте үлкен болғандықтан Едігеевтің парашютінің толық ашылуына биіктік жетпеген», - деді Т.Кенжебаев.