ҚР ҚОҚМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің лауазымды тұлғаларына қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды - қаржы полициясы
АСТАНА. 21 маусым. ҚазАқпарат - Бұдан бұрын хабарланғандай, ағымдағы жылғы 24 ақпанда ҚР экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын.
Олар қоршаған ортаға зиянды заттарды тастауға заңсыз рұқсат бергені үшін 2 тау-кен кәсіпорынының өкілінен 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алу фактісі бойынша айыпталып отыр.
Аталған қылмысты жасады деген күдікпен 2012 жылғы 28 ақпанда Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары С. Төрекелдиев ұсталды. Ағымдағы жылғы 1 наурызда оған айып тағылып, 2 наурызда ол сот санкциясымен қамауға алынды.
Оған қоса, ағымдағы жылғы 19 маусымда Төрекелдиевке және Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің өзге де лауазымды тұлғаларына қатысты қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қылмыстық істер тергелуде, өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды.