ҚР Көлік министрлігі Украинаның әуе компаниясына ұшу сапарларын «Еуро-2012» аяқталғанша ғана жүзеге асыруға рұқсат берді

АСТАНА. 7 маусым. ҚазАқпарат - ҚР Көлік және коммуникация министрлігі «Украинаның халықаралық әуежелілері» әуекомпаниясына 2012 жылғы 6 маусым мен 10 шілде аралығында Киев - Алматы - Киев бағытындағы ұшу сапарларын уақытша жүзеге асыруға рұқсат берді.

ҚР Көлік министрлігі Украинаның әуе компаниясына ұшу сапарларын «Еуро-2012» аяқталғанша ғана жүзеге асыруға рұқсат берді

Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметінен мәлім етті.

«Мұндай шешімді Қазақстанның әуе билігі Украинада футболдан өтетін Еуропа чемпионатына байланысты аталған ұшу сапарларына билет сатып алған жолаушылар тарапынан түсініспеушілікті болдырмау мақсатында қабылдап отыр», - делінген таратылған хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР ККМ Азаматтық авиация комитеті Украиналық әуекомпаниясына аталған бағытқа жаз мезгілінде ұшу сапарын жүзеге асыруға рұқсат бермей отыр. Оған себеп, аталған компанияның рұқсат беруге қажетті құжаттардың толық тізімін ұсынбауында.

«Украинаның халықаралық әуежелілері» әуекомпаниясы Киев - Алматы - Киев бағытындағы тұрақты ұшуларға рұқсат алмай тұрып, аталған ұшуларға билет сатуды жүзеге асырғанын атап өту керек.