ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде теміржол көлігіндегі жолаушылар тасымалын жетілдіру мәселесі талқыланды

АСТАНА. Сәуірдің 17-сі. ҚазАқпарат - Кеше, сәуірдің 16-сы күні ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде «Самұрық - Қазына» Әл-ауқат қоры» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және «Жолаушылар тасымалы» АҚ өкілдерінің қатысумен теміржол көлігіндегі жолаушылар тасымалы мәселесі бойынша кеңес өтті.

ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде теміржол көлігіндегі жолаушылар тасымалын жетілдіру мәселесі талқыланды

Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, кездесу барысында жолаушы тасымалы шаруашылығының ағымдағы жағдайы және жолаушылар тасымалының шығындарын қысқарту мен пайдалану, қаржы көрсеткіштері бойынша статистикалық есептерді жинақтау мен өңдеу жүйесін жетілдіру үшін «Экспресс-3» автоматтандырылған басқару жүйесінің жұмысын жақсарту мәселелері талқыланды.

Стратегиялық жоспарлау және көлік-коммуникация кешенін дамыту департаменті директорының орынбасары Несіпгүл Есембаеваның айтуынша, қазіргі уақыттағы жолаушылар тасымалдау саласындағы түйіткілдерді шешу үшін, бұл салаға егжей-тегжейлі сараптама жасау қажет.

Олардың арасында қызмет көрсету саласы ұдайы назарды талап ететін өзекті мәселе. Кешенді шараларға қарамастан, билеттердің жоқтығы мен вагондардың талапқа сай болмауы әлі де орын алуда.

«Самұрық - Қазына» ӘАҚ-ның бас сарапшысы Сергей Талько аталған мәселелердің барлығына да терең сараптама қажет екендігімен келісті. Осы мәселелерді жан-жақты қарау үшін бүгінгі таңда арнайы жұмыс тобы жұмыс жасауда, оның құрамында барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен «Самұрық - Қазына» ӘАҚ және «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының өкілдері бар.

Өз кезегінде, «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның атқарушы директоры Асылхан Қалдыкөзов, билеттерді интернет арқылы сату жүйесі мен билет автоматтарының жетілдірілуі билеттер тапшылығын жоюға септігін тигізетін бірден-бір фактор екендігін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша, теміржолдағы жолаушылар тасымалы саласындағы қосымша заң актілерін жетілдіру, пайдалану және қаржы көрсеткіштері бойынша статистикалық есептерді жинақтау және өңдеу жүйесін, «Экспресс-3» автоматтандырылған басқару және ревизорлық тексеріс жүйелерін жақсарту, тарифтік емес стансыларда жол жүру билеттерін сату, әлемдік озық тәжірибелерді пайдалану және тағы басқа да мәселелер бойынша ұсынымдар әзірлеу шешілді.