ҚР Көліккоммин әуе кемелері экипаждарының жұмыс уақытын ұйымдастыру бойынша ереже талаптарын қатайтуда

Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Айталық, жаңа Ережелерге сәйкес ұшу құрамының 28 кезекті күнтізбелік күндері бойындағы ұшу уақыты 100 сағаттан аспауы тиіс. Онда да 85 сағат ұшудан соң авиакомпанияның жоспарлау қызметі экипаж мүшесін рейске тек қана оның жазбаша келісімі арқылы қоя алады.
Сонымен бірге, Ережелер бойынша пилоттардың ұшуларына жіберудің жылдық рұқсат етілу ұзақтығы 800 сағат мөлшерінде белгіленген, дегенмен ол денсаулығының мүмкіндігіне қарай өз қалауымен 900 сағатқа дейін жұмыс жалғастыруына болады.
Ережелерде экипаждың демалуын ұйымдастыруға айрықша мән берілген. Азаматтық авиация комитетінің ұшуды пайдалану басқармасының басшысы Берік Асановтың айтуынша «Ұшу қауіпсіздігі ұшу құрамының мезгілінде демалуына тікелей байланысты. Сондықтан демалуы толықтай ұйымдастырылуы керек. Мысалы, ендігі жерде жаңартылған ережеге сәйкес түнгі ауысымда рейс атқарған экипаждың демалу уақыты ұзартылады.
Бұл шара экипаж мүшелеріне толықтай демалуға қажетті уақыт бермей оларды қатарынан бірнеше рет түнгі ауысымға қоймауы үшін қажет. Бұл өте қауіпті, өйткені шаршаған пилот қателікке ұрынуы әбден мүмкін».
Ережелерде ұзақ ұшулар кезінде пилоттардың бірінің ұшу барысында демалып алуы үшін оны ауыстыру қажеттігіне қарай күшейтілген экипаж жарақтау ескерілген. Онда да үшінші пилоттың біліктілігі ауыстырылатын пилоттың біліктілігінен кем болмауы әуе кемесін басқарудағы лауазымдық міндеттеріне сай болуы міндетті.
Экипаждың жұмыс уақыты мен демалуын ұйымдастыруға бақылауды қатайту арқылы Азаматтық авиация комитеті экипаждың аса шаршауына жол бермей, ұшу қауіпсіздігі деңгейін көтеруді жоспарлауда. Берік Асановтың айтуына қарағанда «Ережелерді сақтамаған авиакомпаниялар мен экипаждар қатаң жазалатын болады». Бұл ережелердің жүзеге асуын ААК-нің құрамына кіретін ұшу пайдалану басқармасының инспекторлары бақылап отырады.
Ұшу пайдалану басқармасы қазіргі кезде әрқайсының ұшқан уақыты кем дегенде 15 000 сағат болған кәсіби пилоттармен, түрлі әуе кемелерінің командирлерімен толықтырылған.